12 Ақпан, 2016

Жылқы деген жануар адамды емеурінінен түсінеді екен

878 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
00 Қазақ жеті қазынаның біріне балап, қасиетті жануар санайтын жылқы жарықтық адамның ойы мен ниетін бет құбылысының өзгерісіне қарап-ақ түсіне беретін болып шық­ты. Оны Ұлыбританиядағы Сас­секс университетінің психологтары таяуда ғылыми негізде дәлелдеп берді. Мұның алдында оқымыстылар адам мимикаларынан құралған «сөздікті» құрастырып алыпты. Онда бір адамның түсін көрсетіп, ыржиып тұрғанын бастап, ашу шақырғанға дейінгі түрін толық қамтитын ымдар мен ишаралар бар. Міне, осы көріністерді бейнелейтін суреттер сосын Сассекс пен Суррейдің 5 ат қорасында тұрған 28 жылқыға көрсетіледі. Сонда зерттеушілер түрі әлем-тапырық болып тұрған кісінің рәсімін көрген кезде жылқылардың жүректері атқақтап, жиі соғып кететінін байқаған. Бұған қоса, жыл­­қылар осындай зұлым текті адамдардың суреттеріне тек сол кө­з­дерімен ғана қарайтын болған. Ашулы адамдарға иттер де тап осылай қарайды екен. Ғалымдар мұны қорқыныш туғызатын немесе өте қорқынышты кескін-келбеттер жө­ніндегі ақпарлар жануарлар миы­ның оң жақ жарты шарында өңделіп шығатынымен түсіндіреді. «Жылқылардың адам бет құбы­лысына қарай икемделуі олардың туабітті қалыптасатын қасиеттері болуы да мүмкін. Өйткені, олардың эволюциясы адам өмір жолымен тығыз байланысты»», – деді зерттеу авторларының бірі Карен Маккомб. Ғалымдар жылқылардың әлеу­меттік түр болып табылатынын бұ­дан бұрын да білген. Алайда, жаңа жұмыстың нәтижелері адамның көңіл-күйі оларға қаншалықты тіке­лей әсер ететінін айқындап берді. Осыған орай бұл жануарлар да өзде­рінің бет пішіндерін өзгертіп тұра­тын болып шықты. Зерттеушілер жылқыларда мұның 17 түрлі нұсқасы бар екенін айтып отыр. Руслан ИГІЛІК.